Ахмад АБУЗЯРОВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі маман:
– Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасын қолдаған болатынмын. Қазіргі жағдайларда қазақстандықтарға бірінші кезекте жұдырықтай жұмылып, экономикалық проблемаларды шешу қажет. Бізде «Нұрлы Жол» бағдарламасында мазмұндалған дағдарысқа қарсы нақты іс-қимыл жоспары бар. Ол елдегі көліктік инфрақұрылымдарды дамытып қана қоймай, сондай-ақ, экономиканың барлық саласында жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Осы орайда айтарым, біздің Президент – өз елінде ғана лайықты көшбасшы емес, халықаралық аренада құрметке ие саясаткер. Ол алдағы кезде де ең күрделі мәселелерді шешуге қабілетті. Сондықтан біз Елбасына сенім артып, өзіміздің болашағымызды, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағын онымен тікелей байланыстырайық.
Зәмза ҚОДАР,
философия ғылымдарының докторы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшылар кеңесінің мүшесі:
– Мен Мемлекет басшысының президенттік сайлау өткізу туралы бастаманы қолдағаны үшін қуаныштымын, әрине. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кандидатурасын ұсынады ғой деген үміттемін. Мемлекет басшысы елдің дамуы үшін көп нәрсе істеп жатыр. Атап айтқанда, көп жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлының күш-жігерінің нәтижесінде гендерлік саясат жүзеге асырылып келеді.
Елбасының бастамасымен 1995 жылы Отбасы, әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі кеңес құрылды. Кейін ол Президент жанындағы Ұлттық комиссия болып қайта қалыптастырылды. Бүгін ол әйелдердің, балалар мен отбасылардың жағдайларын жақсарту бойынша тиімді шаралар қабылдайтын консультативті-кеңесу органы ретінде жұмыс істейді. Қазақстан бүгінде адам құқы жөніндегі 60-тан астам халықаралық құжатқа қол қойса, олардың арасында маңызды гендерлік саясатқа қатысты да құжаттар бар. Ана мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бойынша да көп іс атқарылуда. Мені Президент тарапынан отбасы институтына үлкен көңіл бөлінетіні қуантады.
Назым ҚЫЗАЙБАЙ,
бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионы:
– Әркімнің өмірінде оны шешуден бүкіл болашағы тәуелді болатын маңызды сынақтар, жауапты жарыстар кездесетіні анық. Сондай сәттерде жинақылық, жеңіске деген ерік-жігер мен жақындарының қолдауы аса маңызды. Мен сондай сәт Қазақстан өмірінде де туып тұр деп ойлаймын.
Біз Президентіміздің жанына топтасып, оған жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Сонда Қазақстанның кез келген қиындықтарды еңсеруге қауқары жететінін дәлелдеп қана қоймай, әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылуға да кең жол ашылатын болады.
Бүгінде біз әлемдегі көшбасшы 50 елдің қатарындамыз. Алда жаңа мақсаттар тұр, оған жету үшін қазақстандықтардың ортақ міндеттері бар біртұтас халық екенін дәлелдеуіміз қажет. Сондықтан мен ҚХА Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы орынды бастамасын қос қолдап қолдаған едім. Ендігі тілегім – Елбасының сайлауға түсуі.
Жұмабай БАЙНАТОВ,
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері:
– Жоғары оқу орнында магистранттарға дәріс оқитын болған соң, оларға міндетті түрде биылғы кезектен тыс президенттік сайлау туралы, оның стратегиялық та, тактикалық та жағынан бейбіт өмірімізге өте тиімді екенін жан-жақты баяндап бердім. Оларды қазіргі Президентіміз сайлауға түсіп жатқан жағдайда жаппай дауыс беруге шақырдым. Магистранттардың да осы сайлаудың тиімді шешілетініне сенімдері мол. Барлығымыз да «Асу үстінде ат ауыстырмайды» деген пікірдеміз.
Оның үстіне, Елбасының халыққа Жолдауында өте мазмұнды жобалар күн тәртібіне қойылды. Осы істерді жүзеге асыру, елдің амандығын сақтау, шетелдермен тату-тәтті қарым-қатынаста болу тек қана қазіргі Президентіміздің қолынан келетін іс деп білемін. Сондықтан, ертеңгі күніміздің жарық болуы үшін, ұл-қыздарымыздың жарқын болашағы үшін кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға Елбасының қатысқанын қалайтынымды ашық білдіремін.
Күләш МАМЫРОВА,
Қазақ қыздар педагогикалық университеті география кафедрасының меңгерушісі:
– Педагог және азамат ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасына қолдау білдірген едім. Бұл тақырып қоғамда кеңінен талқыланды. Ол да кездейсоқ емес. Барлық қазақстандықтар үшін, түрлі ұрпақ пен түрлі салаларда жұмыс істейтін адамдар үшін еліміздің тұрақты дамығаны, бейбітшілік пен тыныштықтың салтанат құрғаны маңызды.
Бұл үшін мемлекет билігінде қазіргі Елбасы қалу керек. Сонда ел алдында тұрған экономикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік туады. Ал бұл әлеуметтік саладағы жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Президенті білім беру мен денсаулық сақтау салаларына баса назар аударып келеді. Мұны өз азаматтарына деген тұрақты қамқорлық деп қабылдау керек. Кезектен тыс өтетін президенттік сайлау халқымызды Елбасы төңірегіне кезекті мәрте топтастырады деп есептеймін.
Елдос СМЕТОВ,
дзюдо күресінен Азия ойындарының жеңімпазы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу бастамасы туралы ақпарат құралдарынан естідім. Біз қазір елімізде тұрақтылық пен қоғамдық келісімді, достықты сезінеміз. Басқа елдерде болып жатқан қақтығыстарды, дау-жанжалдар мен келіспеушіліктерді телеарналардан жиі көреміз.
Бір қуаныштысы, Қазақ елі осындай келеңсіздіктерден аулақ. Бүгінде еліміздің ұстанған саясаты берік, барлық мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асып келеді. Елімізде спорттың дамуына да үлкен көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан мен спортшылар қауымы және дзюдо күресінен қазақ құрамасы атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 26 сәуіріне белгіленген сайлауға түсуін қалайтынымды атап көрсеткім келеді. Қазақстандық барша спортшы сайлауда қазіргі Мемлекет басшысына дауыс беретіні күмәнсіз.